Биыл астанада 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елордада 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл туралы қала басшысы Алтай Көлгінов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы жерде, сессияда біз нақты басқарушылық шешімдер қабылдаймыз. Ол елордамызды дамытудағы жүйелі мәселелерді шешеді. Халық санының өсуіне байланысты құрылыс жұмыстарының көлемі қарқынды түрде артып келеді. Әсіресе, тұрғын үй көптеп салынуда. 2019 жылы 1,8 млн шаршы метр, ал 2020 жылы 3 млн шаршы метр баспана салдық. 2021 жылғы жоспар – 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй», - деді ол.
Алтай Көлгіновтің атап өтуінше, соның арқасында жұмыс орындары ашылып, жергілікті бюджетке салық түсімі ұлғаяды. Құрылыс индустриясы дамып, жергілікті қамту үлесі артады.
«Құрылыс материалдарын немесе өзге де қажетті заттарды шығаратын кәсіпорындарымыз тапсырысты тек мемлекеттік бюджет қана емес жеке инвестиция есебінен алып жатыр. Құрылыс жұмыстары бұл көлемінің 80 пайыздан астам жеке инвестиция тиесілі. Ең алдымен бұл қала экономикасының динамикасына оң әсерін тигізеді. Яғни, салық түсіп, жаңа жұмыс орындары құрылады, өндіріс дамиды. Сондықтан 3,2 млн шаршы метр тұрғын үйді жылумен, сумен, кәріз жүйесімен, инженерлік желілермен қамтамасыз етіп, абаттандыруымыз қажет», - деді қала әкімі.