Биыл Астанада 3 көкөніс қоймасы іске қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Астанада сыйымдылығы 14 500 тонна болатын 3 көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға беріледі. Тағы төртеуінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп жазады astana.gov.kz.

Биыл Астанада 3 көкөніс қоймасы іске қосылады

Қазір қалада 5 көкөніс қоймасы жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы сыйымдылығы - 21850 тонна. Ал қаланың қажететтілігі 60 мың тоннаны құрайды.

«Қазір 7 көкөніс қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Олардың сыйымдылығы - 22146 тонна. Олардың үшеуі биыл, қалғаны кезең-кезеңімен тапсырылады. Келесі жылы тағы 5 көкөніс қоймасының жобасы жасалуда. Ол қосымша 29 000 тоннадай болады. Осылайша қала қажеттілігін 2017 жылға дейін толықтай өтейміз деген ниеттеміз», - Астана қаласы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Гүлмира Ермолдина.

Пайдалануға берілетін тағы бір қоймада 7 мың тонна көкөніс пен цитрусты жемістер сақталады. Ауданы 2 мың га болатын қойманың құрылысы қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Мұнда жеміс пен көкөніс сақтаудың бабын білетін технологтар жұмыс істемек. Ал халыққа тиімді болуы үшін қойма жанынан сауда орталығын тұрғызу да қарастырылып жатыр.

Әкімдік тарапынан жаңа нысандарды электр желісіне қосу, өндірістік инфрақұрылым мен жол мәселесін шешуге көмектесу мәселелері қарастырылып жатыр.