Биыл Астанада 340,9 млн. теңге сомасындағы еңбекақы берешегі қайтарылды - Прокуратура
АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Жыл басынан бері елордада прокурорлық ықпал етудің арқасында 340,9 млн. теңге сомасындағы еңбекақы берешегі қайтарылды.
Бұл туралы бүгін Астана қаласының прокуратурасында еңбек заңнамасының сақталуы тақырыбына арналған алқа мәжілісінде мәлім етілді.
Қалалық прокуратураның бірінші басқарма төрағасы Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, жыл басынан бері елордада прокурорлық ықпал етудің арқасында кәсіпорындардың жұмысшылар алдындағы 340,9 млн. теңге сомасындағы еңбекақы берешегі қайтарылды. Жыл басында 38 кәсіпорынмен өтелмей жатқан жалақының көлемі 380,8 млн. теңге болғанын атап өткен жөн.
Баспасөз қызметінің алқа барысында таратқан мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта Астанада 94,9 млн. теңге жалақы қарыздары бар. Қаладағы 17 кәсіпорын 946 жұмысшыға еңбекақыларын өтемеген болып отыр.
Сондай-ақ баяндамашының атап кеткеніндей, прокуратура органдары осы салада 12 қылмыстық іс қозғап, 6 ірі кәсіпорынның өз жұмыскерлері алдындағы 100 млн. теңге сомасындағы қарыздарын толық өтеулеріне септігін тигізген.
Оның айтуынша, еңбек саласындағы ахуалға жасалынған талдау барысында еліміздегі жалақы бойынша берешектің басым бөлігі «Қуат» корпорациясына тиесілі болған. Бүгінгі таңда кәсіпорынның Астана аумағында орналасқан 6 үлестес компанияның жұмысшылар алдындағы берешегі 200 млн. теңгені құраған болатын.
Қазіргі уақытта берешектің негізгі бөлігі өтеліп, оның жұмысшылар алдындағы борышы 7 млн. теңгеге дейін қысқарды.