Биыл Астанада апатты деп танылған үйлерден 450-ден астам отбасы көшіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 2017 жылға дейін апатты жағдайда тұрған 228 үй бұзылады. Бұл туралы Астана қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында мәлім болды.

Биыл Астанада апатты деп танылған үйлерден 450-ден астам отбасы көшіріледі

Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2014 жылы Астанада апатты жағдайда тұрған 31 үйді бұзу жоспарланған. Бұл үйлердегі 463 отбасы Сығанақ көшесі ауданына көшіріледі. Еске салайық, Астана қаласында апатты жағдайда тұрған үйлерді бұзу пилоттық жобасын жүзеге асыру «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында қарастырылған. Қаланың аудандық әкімдіктері тұрғын үй қорына талдау жүргізіп, 1940-1970 жылдары салынған ескі үйлердің тізімін жасады. 228 үйдің инженерлік жүйелері мен негізгі құрылыс конструкциялары әбден тозған. Қазіргі кезде арнайы ұйымдар аталған үйлерде техникалық тексеру жүргізуде. Шығарылған техникалық қорытындылардың негізінде нысанда қалыптасқан жағдай жіті тексеріліп, объективті мәліметтер расталған жағдайда үйлер апатты деп танылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес апатты жағдайда тұрған үйлердің иелері жаңадан салынған тұрғын үй кешендеріне көшіріледі. Бұл ретте ұсынылатын тұрғын үйдің шаршы метрі бұзылатын үйдің шаршы метрімен тең болады. Айта кетейік, 2013 жылы 11 ескі үй бұзылып, олардан 178 отбасы көшірілген болатын, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында.