17:01, 26 Сәуір 2014 | GMT +5
Биыл Астанада тағы 16 мың ағаш отырғызылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада биыл тағы да 16 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылмақ, деп хабарлады қала әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.
«Елордада оны жасылдандыру мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Қаланың топырағы мен климатына сай келетін ағаштар мен бұталарды жергіліктендіру бойынша зерттеулер жүргізіліп, нормативтер әзірленуде. Сондай-ақ отырғызылатын өсімдіктердің алуан түрлілігін ұлғайту жұмыстары жасалуда», - делінген хабарламада. Айта кетейік, 2013 жылы қалада 32 мың ағаш көшеттері отырғызылған. Сондай-ақ мұнда жылына 10 млн.-ға жуық түрлі гүлдер егіледі.