Биыл Астананың ботаникалық бағына 15 мың түп ағаш отырғызылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ботаникалық бақ салынып жатқаны белгілі. Ал дәл осы бақта отырғызылатын ағаштардың 90 пайызы «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ-ына қарасты тәлімбақта өсіріліп жатқанын көпшілік біле бермейтіндігі анық. Бүгін Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері сонау 60-70-ші жылдары құрылған аталған тәлімбақтың жұмысымен танысып қайтты.
«Тәлімбақтың жалпы аумағы 349 мың шаршы метрді құрайды. Бұл жерде 600 мың түптен асатын ағаштың 50-ден астам түрі отырғызылған. Оның ішінде биік болып өсетін ағаштармен қатар тапал бұталардың да көшеттері бар. Жалпы, бұл тәлімбақтың негізгі мақсаты - елордамызды ағаштармен абаттандыру. 60 адам жылына 9 ай бойы үздіксіз жұмыс істейді», - деді БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бибігүл Бектемісова.
Оның айтуынша, бұл тәлімбақта еліміздің солтүстік өңірлеріне тән, жерсінетін ағаштар дәнегінен өсіріліп, бірнеше жылдан кейін елорда көшелеріне отырғызылады.
«Жалпы біздің 5 жылдық жоспарымыз бар. 1 жылда елордаға 20 мың үлкен ағаштармен қатар 200 мың түп тапал, топырақсыз бұталарды жіберіп отырамыз. Ал биыл осы уақытқа дейінгі рекордтық көрсеткішке қол жеткізбекпіз. Жыл соңына дейін қалаға 40 мың түп ағаш береміз. Өйткені, Астанада үлкен ботаникалық бақ салынуда. Жұмысы осы жылдың қыркүйек айында басталған ботаникалық баққа биылдың өзінде 15 мың түп ағаш отырғызамыз. Жалпы, бұл баққа 40 мың түп ағаш отырғызу көзделген. Жоғарыда атап өткенімдей, оның 15 мыңын биыл егеміз», - деді ол.
Тәлімбақ мамандарының айтуынша, Астананың ботаникалық бағын ағаштармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Күніне 12-ден 40 түпке дейін 3 метрлік қарағайлар 25 КамАЗ-ға тиеліп, елордаға жөнетілуде.