13:56, 07 Сәуір 2023 | GMT +5
Биыл Астананың Сарыарқа ауданында жаңа перзентхананың құрылысы басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының кейбір мәселелері туралы Үкімет қаулысы ашық талқыға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құжатта жазылғандай, биыл елордада салынуы мүмкін перзентхананың құрылысын аталған қор қаржыландырмақ.
«Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» ҚР Заңының 7-бабы 2-тармағының 15-2 тармақшасына сәйкес ҚР Үкіметі қаулы етеді: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен 2023 жылы Астана қаласының Сарыарқа ауданы 12-206 және 12-212 көшелерінің қиылысында салынатын перинаталды орталықтың құрылысын қаржыландырсын», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысында.
Тиісті құжат 21 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Премьер-Министрге жолданады.