15:52, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Биыл атмосфераға шығарылатын қалдықтарды 200 тоннаға кеміткелі отырмыз - Н.Ысқақов
АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2010 жылдан бастап, еліміздің батыс өңіріндегі - 25, оңтүстік өңіріндегі 5 мұнай-газ өңдейтін кәсіпорындар газды алауды жандыруды тоқтатады.
Бұл туралы бүгін ИСО14001 стандарттарын енгізу мәселесіне байланысты журналистермен кездесуі барысында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз қоршаған ортаны қадағалаушы сала ретінде осындай жауапкершілікті мойнымызға алып отырмыз. Бұл дағдарыс жағдайында қолға алынып отырған ауқымды шара. Өткен жылы біз осы сала бойынша атмосфераға шығарылатын қалдықтарды 150 тоннаға азайтсақ, биыл бұл көрсеткіш 200-ден кем болмайды деп жоспарлап отырмыз», - деді министр. Оның айтуынша, министрлікте энергия үнемдеу жұмыстарын халықаралық талаптарға сәйкестендіруді, яғни әлі де болса жетілдіруді қажет ететін мәселелер баршылық. «Осы мақсатта біз электр энергиясын барынша үнемді жұмсауды қолға алғалы отырмыз. Атап айтқанда, алдағы уақытта министрлік түскі үзіліс кезінде электрді сөндіріп, ал жұмыс уақыты аяқталған соң да ісін жалғастырамын деушілерге жеке арнайы энергия көздерінен қуат берілетін болады», - деді Н.Ысқақов.