Биыл Атырау облысында 10 мың гектарға көкөніс, бақша дақылдары егіледі

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Биыл Атырау облысында 10 мыңнан астам гектар жерге көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдар егіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұловтың мәліметінше, егістік алқабының жалпы көлемі 10 315 гектарды құрайды. Оның ішінде 2 939 гектарға көкөніс, 2 003 гектарға картоп, 1 338 гектарға бақша, 4 035 гектарға мал азықтық дақылдары егіледі.

«Ауыл шаруашылығы саласындағы 340 құрылымда 170 трактор, 90 арнайы техника мен су насосы бар. Облыстағы 91 шаруашылықтың сұранысына байланысты көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген бағамен 800 тонна дизель отыны бөлінді. Дизель отынын тасымалдайтын операторларды анықтайтын конкурстық комиссия құрылды. Арнайы кестеге сәйкес жағармай 20 сәуірден жеткізіле бастайды», - дейді Салауат Өтеғұлов.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы құрылымдары 1507 тонна минералдық тыңайтқыш түрлерін сатып алуды көздеген. Осы кезге дейін 360 тонна тыңайтқыш сатып алынған. Енді 1147 тонна тыңайтқышты алу үшін келісімшарт жасақталып, төлемдерін аудару жүргізіліп жатыр.

«Биыл жергілікті бюджеттен тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 75,1 млн теңге, пестицидтер шығыны үшін 5,4 млн теңге, тұқым шаруашылығын дамытуға 19,9 млн теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу шығынына 345,6 млн теңге субсидия қарастырылып отыр», -деп мәлім етті Салауат Өтеғұлов.

Қазір Атырау облысында «Қазсушар» РМК-ның теңгеріміндегі 14 суару-суландыру жүйесі іске қосылған. Ал еңбек күшін қамтамасыз ету үшін Өзбекстан Республикасының 800 адамын жұмысқа тартуға квота бөлінген. Осы кезге дейін шаруашылықтарға шетелдік 562 адам жұмысқа тартылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 3 млрд теңгелік жаңа жылыжайдың бірінші кезеңі ашылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар