Биыл Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жолдың 137 шақырымы пайдалануға беріледі
Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат Айтқалиевтың мәліметінше, Атырау облысынан Ресейдің Астрахань өңіріне қатынайтын жол құрылысы бірнеше учаскеге бөлінген.
«Бұл – «Ақтөбе – Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы» (Астрахань) бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың бір бөлігі. Бұрнағы жылы жалпы ұзындығы 277 шақырым жолдың 60 шақырымы пайдалануға берілді. Ал, 217 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазір аталған жолдың 80 шақырымында төменгі жол жабындысымен қозғалыс ашылды. Енді биылғы жылдың соңына дейін 137 шақырымында төменгі жол жабындысымен көлік қозғалысына рұқсат беру жоспарланып отыр», -деп хабарлады Самат Айтқалиев.
Оның айтуынша, бұл жобаға қазынадан 22,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 12 млрд теңге республикалық, ал, 10,9 млрд теңге жергілікті бюджеттен қаралған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудан Ресейге қатынайтын жолдың 9 шақырымы пайдалануға берілгенін жазған болатынбыз.
Жолдың алғашқы (824-833 шақырым) 9 шақырымын құрайтын бөлігіне төменгі қабат жабындысы төселген. Сол себептен, көлік қозғалысына рұқсат берілген. Жол төсемінің ені – 9 метр, қалыңдығы – 57 сантиметр.
Кейін аталған бағыттағы жол құрылысы баяу жүріп жатқанын хабарлаған едік.