Биыл ауыл шаруашылығы секторын субсидиялау 47,8 млрд. теңгені құрайды - Ө. Шөкеев
АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы секторын республикалық бюджеттен субсидиялау мөлшері 47,8 млрд. теңгені құрайтын болады. Бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен «Өңір» депутаттық тобының отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылдың нақтыланған бюджетінде агроөнеркәсіп кешенін қосымша қаржыландыруға 300 млрд. теңге ұсынылып отыр. Атап айтқанда, 2010 жылы күріш пен жүгеріден басқа астық дақылдарын өсірудегі субсидия мөлшері бір гектарына 670 теңге мөлшерінде анықталып отыр. Майлы дақылдар мен қант қызылшасын өсіру үшін субсидиялаудың жаңа тетіктері бекітілді. Бұндай субсидиялау сараланған, екі сатылы төлемдер бойынша жасалады. Біріншісі, тұқымның егілу алаңына қарай, екіншісі жинап-өткізілген өнімнің салмағына байланысты белгіленеді», деді Ө. Шөкеев.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы мал шаруашылығында асыл тұқымды мал басын дамытуға 2,5 млрд. теңге бөлу көзделген. Бұл қаражат негізінен өнімділікті арттыруға, мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсартуға, сондай-ақ тері өңдеу саласына жұмсалатын болады.
«Жалпы, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы секторын республикалық бюджеттен субсидиялау 47,8 млрд. теңгені құрайтын болады», деді Ө. Шөкеев.