Биыл ауыл шаруашылығы техникасы үшін инвестициялық субсидия төлеу көзделіп отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Егін орағы науқанына ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы жоспарлы тәртіпте жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті.
«Егін орағы науқанына ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы республика бойынша жоспарлы тәртіпте жүріп жатыр. Осы ретте 14 мыңнан астам жоғары өнімділікті комбайндар қатысуда. Осы техниканың күшімен 11 млн. гектар жердегі егісті немесе орақ түсетін алқаптың 70 пайызын қамту көзделген», - деді Қ.Айтуғанов.
Бұдан бөлек, ол ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға ынталандыру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қаржылай қолдау көрсету мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі республикалық бюджет қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесін арзандату бағдарламасын іске асыруда.
«Аталған бағдарламаны іске асыруға 6,9 млрд. теңге бөлінді. Бұл ретте, жылына 19%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен ауыл шаруашылығы техникасының лизингін субсидиялау көзделеді. Оның 7%-ы республикалық бюджет есебінен өтеледі», - деп атап өтті Қ.Айтуғанов.
Айта кетейік, ағымдағы жылдан бастап бірінші рет ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде инвестициялық субсидия төлеу көзделіп отыр. Субсидиялар нормативі техника құнының 25%-ын құрайды.