Биыл «Айбын» жиыны онлайн форматта өтеді
«Былтырғы тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайдағы тәжірибені ескере отырып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Айбын» жетінші республикалық әскери-патриоттық жиынын онлайн форматта өткізу туралы шешім қабылдадық. Басқа да ерекшеліктері бар. Біріншіден, жиынға қатысушылар саны екі есе көбейтілді. Өткен жылдары қатысушылар саны 300-ден 500-ге дейін өссе, биыл олардың саны 1110 адамға жетті. Еліміздің барлық өңірлерінен 74 команда қатысады», - деді департамент бастығы.
Оның сөзінше, онлайн-жиындағы жеке сайыстарға қатысушы командалардан басқа «Айбын» мобильді қосымшасында тіркелген және конкурс пен жарыс шарттарын орындаған 14-18 жас аралығындағы жастар қатыса алады.
«Жиынның бағдарламасына екі жаңа сайыс қосылды. Атап айтқанда, «Жас сарбаз жас тілшісі» жас тілшілер сайысы мен тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан онлайн-турнирі. Үшіншіден, алты жыл ішінде алғаш рет тұрақты негізде «Жас сарбаз Хаб» коворкинг-орталығы іске қосылады. Бұл әскерге шақырылуға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және жүргізу үшін құрылған жұмыс алаңы. Бұл орталықта «Айбын» жиынының фронт-офисі, брифинг залы және «Жас сарбаз медиа» студиясы орналастырылады», - деді Серік Борамбаев.