Биыл банктердің экономикаға салған кредиттерінің көлемі ұлғайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың басынан бастап банктердің экономикаға кредиттерінің көлемі 13,2 трлн теңгеге дейін жетті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл банктердің экономикаға салған кредиттерінің көлемі ұлғайды

«Банктердің кредиттік белсенділігі жандануда. Жыл басынан бастап банктердің экономикаға салған кредиттерінің көлемі 13,2 трлн теңгеге дейін жетіп,  4 пайызға ұлғайды. Теңгедегі кредиттер  9,5  трлн  теңгеге дейін 10,6 пайызға негізінен ұзақ мерзімді бөлік есебінен өсті. Шетел валютасымен кредиттер 3,7  трлн теңгеге  дейін  9,5 пайызға қысқарды», - деді ол.

Д.Ақышевтің айтуынша, кредиттер бойынша орташа алынған ставка қыркүйекте 14 пайызға дейін, оның ішінде заңды тұлғаларға берілген теңгемен кредиттер бойынша - 13,1 пайызға дейін төмендеді.

«Салалық бөлікте құрылым іс жүзінде өзгермейді - кредиттердің ең көп көлемі саудаға, өнеркәсіпке, құрылысқа, ауыл шаруашылығына және көлікке тиесілі. Тұтынушылық кредиттеу өсуде. Халыққа тұтынушылық мақсатқа кредиттердің көлемі 9 айда 2,9 трлн теңгеге  дейін 13 пайызға немесе  332  млрд теңгеге ұлғайды. Ұлттық банк аталған өсімге ерекше назар аударады. Өйткені борыш бойынша қызмет көрсететін іргелі база - халықтың кірісі. Ол баяу өседі», - деді Данияр Ақышев.