Биыл «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің 806 шақырымы ашылады - ҚР Премьер-Министрі

Бүгін Ақордада ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан еліміздің өткен 9 айдағы әлеуметтік экономикалық дамуы және Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері туралы жиында ҚР Премьер- Министрі Серік Ахметов осылай мәлім етті.
Үкімет басшысының айтуынша, бизнеске қатысты рұқсат беру жүйесін жетілдіру жұмыстары да белсенді жүзеге асуда. Атап айтқанда, бүгінгі күні бизнеске қатысты барлық лицензияларды беру автоматтандырылған жүйеге көшсе, келесі жылдан бастап рұқсаттың барлық түрі осындай жүйемен жұмыс жасайтын болады. «Үкімет ірі ауқымдағы инфрақұрылымдарды жүзеге асыру жобаларын жалғастырып келеді. «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» жаңа теміржол желілерін салу да белсенді түрде жалғасуда. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің құрылысы жүріп жатыр. Ағымдағы жылы мұның қосымша 806 шақырымын ашу көзделіп отыр. «Астана-Қарағанды- Алматы», «Астана-Павлодар-Өскемен», «Астана-Ақтау» және «Алматы-Өскемен» автожолдарының құрылыстарын салу басталды. Халықаралық Ақтау теңіз портын кеңейту жұмыстары да жүзеге асуда», деді Үкімет басшысы.