Биыл Батыс Қазақстан облысында 18 мектеп пайдалануға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Батыс Қазақстан облысында 18 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қазіргі таңда облыста 12 апатты, 9 үш ауысымды мектеп бар. Жылдар бойы қордаланған мәселені шешу мақсатында биыл 27 мектептің құрылысын жоспарладық. Бүгінде 23 мектептің құрылысын бастап кеттік. Жыл соңына дейін 18 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен оқушыларды тасымалдау үшін 54 автобус сатып алынды. Өңірімізде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларымызды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету 100 пайызды қамтиды. Бүгінде 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 84,3 пайызға жетті. Осы көрсеткішті 2025 жылға дейін 100%-ға жеткізуді көздеп отырмыз», - өңір басшысы.

Өңір оқушыларының жетістіктеріне тоқталған Нариман Төреғалиевтің дерегінше, 25 оқушы республикалық олимпиадаларда жүлделі орын алса, 9 мектеп еліміздің «100 үздік мектептері» қатарына енген. Сондай-ақ, әлемнің 57 мемлекеті қатысқан зерттеу нәтижелері бойынша облыстың бастауыш сынып оқушылары PIRLS-2021 халықаралық рейтингісінде республика көлемінде бірінші орынға ие болды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстағы 12 ауданның 10 ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. 2024 жылыдң соңына дейін барлық аудан орталықтарын дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтамасыз етеміз. Биыл М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, өңірде әртүрлі саладағы маман тапшылығын шешу мақсатында өткен жылы облыс бюджет есебінен 113 грант бөлініп, түлектердің жоғары білім алуына сертификаттар табысталды», - деді Нариман Төреғалиев.


Соңғы жаңалықтар