Биыл Батыс Қазақстанда екінші үшем дүниеге келді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында өмірге келген үшем бүгін ауруханадан үйге шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, үшемнің анасы Шынар Сисенғалиева Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында тұрады.

Шынар Ақжайық аудандық ауруханасынан санавиациямен Орал қаласындағы облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген. Содан 1 шілде күні үшем дүниеге келді. Салмағы сәйкесінше 1390, 1310 және 830 грамм. Олардың екеуі – ұл, біреуі – қыз бала. Үшемге Ерназ, Айназ және Алмаз деген есім берілді.

Үшемнің әкесі Махамбет Сисенғалиев – полиция қызметкері. Ерлі-зайыпты жастардың бұдан басқа төрт баласы бар. Үлкен қызы 12-де, ұлы 9-да. Одан кейінгі егіз ұлы 5-те.

Осылайша, 33 жастағы Шынар Сисенғалиева жеті баланың анасы атанып отыр.

Дәрігер Гүлжанат Көбенқұлованың айтуынша, үшем бастапқыда жансақтау бөлімінде жатты. Сосын салмақ қосу үшін екі ай бойы дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір сәбилер мен олардың анасының денсаулығы қалыпты. Әрине, бұдан кейін де күтім керек.

Бұл – биыл Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген екінші үшем.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда үшем дүниеге келгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар