Биыл Байқоңыр нысандары газға қосылады
«Қазіргі таңда Байқоңырда алғашқы әлеуметтік нысандарды газға қосудың нақты мүмкіндігі бар. Біз апта сайын бұл мәселе бойынша жиналып, мәліметтерді баяндап тұрамыз. Сондықтан да биыл әлеуметтік нысандар газ жүйесіне қосылады деп үміттенеміз», - деп атап өтті вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Өз кезегінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Манас Тасыбаев өткен жылы 48 шақырым желінің құрылысы жүзеге асырылғанын еске салып өтті.
«Жаз кезінде үкіметаралық комиссияның отырысы өтіп, онда газдандырудың кестесі бекітілді. Атап айтқанда, біздің желілер бүгінде дайын тұр, осы орайда жыл соңына қарай газ береміз деп үміттенемін», - деді М. Тасыбаев.
Айта кетейік, баспасөз мәслихаты барысында Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Астананы газдандыру жобасы бойынша нақты шешім қабылданбағанын айтқан болатын .