Биыл білім гранты 34 315 адамға беріледі

Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өткен білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия жұмысының барысында мәлім болды.
Сондай-ақ, конкурстық негізде мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізімі де анықталды. Білім беру грантын орналастыру құқығына 80 жоғары оқу орны ие болған. Министрлік мәліметінше, білім беру грантын тағайындау конкурсына 67 985 талапкер қатысуда, олардың 48 350 талапкері - қазақ тіліндегі оқу бөліміне, 19 635 талапкері - орыс тіліндегі оқу бөліміне тапсырған. Тоқтала кететін жайт, 2011 жылы 91 018 талапкер қатысып, олардың 66 912 талапкері - қазақ тіліндегі оқу бөліміне, 24106 талапкері - орыс тіліндегі оқу бөліміне үміткер болған еді.
«Конкурсқа қатысушылардың арасында 54 612 талапкер - ҰБТ-ның, 12 110 талапкер - кешенді тестілеудің, 948 талапкер - халықаралық олимпиадалардың, 315 талапкер - Назарбаев зияткерлік мектебінің сертификатымен еніп отыр. Ал 2011 жылмен салыстырғанда, былтыр ҰБТ қатысқандар - 80 353 талапкер, кешенді тестілеу - 9 872, халықаралық олимпиадалар - 793 адамды құраған болатын»,-деп атап өтті Білім және ғылым министрі.