Биыл бірінші тоқсанда шикізат пен дайын өнімнің бағасының өсуі тежеледі – Ұлттық банк
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймардановтың 2021 жылғы IV тоқсандағы экономиканың нақты секторы кәсіпорындарына жүргізілген талдау сауалнама (салалық конъюктуралық шолу) нәтижесі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық банкі таратқан мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда нақты сектор кәсіпорындарына жүргізілген сауалнама қорытындысы дайын өнімге сұранысқа қатысты жағдай құрылыстан басқа барлық салаларда жақсарғанын көрсетті.
Көлікте сұраныс көрсеткіші артып, құрылыста көрсеткіштің мәні жақсарса да, бұрынғыдай 50 белгісінен төмен. 2022 жылғы I тоқсанда ауыл шаруашылығын қоспағанда, барлық қарастырылып отырған салаларда сұраныс жақсаратыны күтіледі.
2021 жылғы IV тоқсанда шикізат пен материалдар және дайын өнім бағасының өсу қарқыны жеделдегені барлық салаларда байқалды. 2022 жылғы I тоқсанда шикізат пен материалдар және дайын өнім бағасының өсу қарқының тежелуі күтіледі.
Жалпы экономика бойынша өндірістік қуаттарды жүктеу деңгейі іс жүзінде өзгерген жоқ, ауыл шаруашылығында төмендеп, құрылыс пен саудада аздап өсті. Барынша жоғары деңгей тау-кен өндіру саласында (61,3 %), төмен деңгей көлік пен құрылыста (52,2% және 52,0%) сақталып отыр.
Бәсекелестік маңыздылығы жоғары деңгейде. Нарықтық бәсекелестік әсіресе сауда кәсіпорындарында қатты байқалып отыр. Сауда кәсіпорындардың 41,5%-ы оның өз бизнесіне әсерін сезініп отыр. Ең аз үлес тау-кен өнеркәсібінде байқалды (14,8%).
Ресей рублі шетелдік әріптестермен есеп айырысуда пайдаланылатын негізгі валюта болып қалуда. Өңдеу өнеркәсібінде рубльді кәсіпорындардың 64,9%-ы, саудада 56,5%-ы пайдаланады. АҚШ доллары тау-кен өнеркәсібінде ғана басым (59,6%).
Сауалнамаға барлығы 2,6 мыңнан астам өндіруші және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймаға жинау кәсіпорындары қатысты.