Биыл «Болашақ» стипендиясын тағайындауға 1 мың 7 орын белгіленіп отыр

АСТАНА. Маусымның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы «Болашақ» стипендиясын тағайындауға 1 мың 7 орын белгіленіп отыр.

Биыл «Болашақ» стипендиясын тағайындауға 1 мың 7 орын белгіленіп отыр

Бұл туралы бүгін 2010 жылғы Қазақстан Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Стратегия департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Болашақ» бағдарламасы еліміз үшін қиын кезеңде - 1993 жылы Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында дүниеге келген болатын. Бүгінгі күні жүзеге асқанына 17 жыл толып отырған бұндай халықаралық стипендия өз өміршеңдігін көрсетіп отыр. Жалпы, соңғы жылдарда әлемде орын алған қаржы дағдарысына қарамастан, біздің стипендианттарымыз шетелдің алдыңғы қатарлы ЖОО-ларында өз оқуларын жалғастыруда. Олардың барлығының оқу қаражаттары, шәкіртақылары уақытылы төленуде. Тіпті соңғы кездері дамыған елдердің өзінде бюджеттік шығындар қысқартылып жатқанына қарамастан, қазақстандық стипендианттар ешқандай қаржылық проблеманы көріп отырған жоқ», - деді А. Абылайхан.

Оның айтуынша, биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға 1 мың 7 орын бөлініп отыр. Бұл мақсатта, жалпы «Болашақ» студенттерін қаржыландыру үшін тиісті қаражаттар қамтылған. Сонымен бірге, бүгінгі күні республика бойынша түлектер арасында өтіп жатқан Бірыңғай ұлттық тестілеу нәтижесі «Болашақ» конкурсына қатысу үшін есепке алынбайды. «Алайда, орта білім туралы аттестаттың орташа балы - 4,5 балдан кем болмауы тиіс. Жалпы конкурсқа қатысудың негізгі талаптары 2008 жылғы ереже бойынша қалып, оған ешқандай да өзгеріс енгізілмеді», - деді А. Абылайхан.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, маусымның 7-сінен бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін құжаттарды қабылдау басталды. Құжаттарды қабылдау Астана және Алматы қалаларында жүргізіледі. Іріктеу ережесі, басым мамандықтар мен қажетті құжаттар тізбесі, үміткерлердің қосымша сауалнамалары, сондай-ақ конкурс бойынша қосымша ақпарат «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның www. edu-cip.kz ресми сайтында орналастырылған.