Биыл Бразилияның көптеген қалалары карнавалдан бас тартатын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Бразилияның көптеген қалалары карнавалдан бас тартатын болды. Бұған елде соңғы 85 жылда болмаған ең қатты құрғақшылық негізгі себеп болып отыр, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Биыл Бразилияның көптеген қалалары карнавалдан бас тартатын болды

Елдің көптеген өңірлерінде су тапшылығы үлкен проблемаға айналып барады. Қуаңшылықтан, әсіресе, ауыл шаруашылығы зиян шегуде. Оған қоса, электр қуатының 80 пайызы гидроэлектрстансалардан өндірілетіндіктен, Бразилияда энергетика тапшылығы да сезіле бастады. Соған байланысты елдің бірнеше штатында ауызсуды үнемдеу шаралары жалғасуда. Ел экономикасына мұнай нарығындағы дағдарыс та соққы беруде.

Бразилия тұрғыны Пепе Каракосса: «Меніңше, карнавалды болдырмау ештеңені шешпейді. Аз ғана уақытта ауызсу таусылып қалмайды. Карнавал - Бразилияның ұлттық құндылығы. Жылына бір рет өтетін аса маңызды шараға тыйым салу дұрыс емес», дейді. Ал мәдениет саласының өкілі Марселло Даниэль: «Біз көше карнавалын өткізбеуді жөн көріп отырмыз. Өйткені, шара барысында қалаларға туристер өте көп келеді. Олардың барлығына жағдай жасау қиын. Әсіресе, су тапшылығы қол байлап тұр», - дейді.

Осылайша, Бразилия қалаларының жартысында судың жетімсіздігі халықты тығырыққа тіреуде. Тіпті, жуынатын және ішетін судың өзі үлкен мәселеге айналған. Бұған қосымша, мұнай бағасының құлдырауы да мемлекеттің ахуалын нашарлатып жіберген.