Биыл былтырғыға қарағанда мәселелер кең ауқымда қаралып жатыр - "Қазақ интернеті" ҚБ бас директоры
АЛМАТЫ. 11 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда интернет өте жақсы дамып келе жатыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан 2-Қазақстандық интернет апталығында айтылды.
"Қазақстандағы интернеттің даму қарқынына қазақ тілді интернет ресурстары әлі көп жағынан ілесе алмай жатыр. Біздің бүгін осы жерге жиналып, алыс-жақын шет елден келіп жатқан әріптестермен араласып, пікір алмасып жатқанымыздың басты себебі - осы. Мұнда біз өз елдерімізде ұлттық интернет қалай дамып жатқанын айтып, бір-бірімізден үйренетініміз болса -үйреніп, білмейтініміз болса - үйретіп өзара тәжіріибе алмасып жатырмыз", - дейді "Қазақ интернеті" қоғамдық бірлестігінің бас директоры, "Qazaq.kz" интернет журналының бас редакторы Серікқазы Кәкібаланов. Оның айтуынша, Қазақстандық интернет апталығында биыл былтырғыға қарағанда мәселелер кең ауқымда қаралып жатыр. Сондай-ақ қазақша интернетке биыл арнайы толығымен бір күн арналып отыр. Былтыр оған аз ғана уақыт бөлінген болатын.