Биыл да шегірткеден қауіп бар -ҚР АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында марокколық шегіртке жаппай таралуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында фитосанитариялық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы баяндаған ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл да шегірткеден қауіп бар -ҚР АШМ

«Ағымдағы жылы зиянды және аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілердің 5,1 млн гектарға, оның ішінде 1,92 млн гектарға үйірлі шегіртке тектес зиянкестердің, 2,4 млн гектарға астық дақылдары ауруларының, 444 мың гектарға саяқ шегіртке тектестердің таралуы болжануда. Өсімдіктерді қорғау іс-шараларын жүргізуге республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бөлінді», - деді вице-министр.

Оның дерегінше, пестицидтерді сатып алу конкурстары аяқталды. Үйірлі шегіртке тектестерге қарсы 540 дана бүріккіш техникалары жұмылдырылады. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу бойынша жеткізушілер айқындалды, қалған өңірлер бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда.

«Марокколық шегіртке Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында жаппай таралуы мүмкін. Осы өңірлерде марокколық шегірткеге қарсы 640 мың гектарды өңдеу жоспарланды. Облыстар әкімдіктеріне жедел штабтар құруды ұсынамыз. Саяқ шегіртке текстестерге баса назар аудару қажет», - деді ол.
Арман Евниевтің айтуынша, ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдар 408 мың гектар жерді өңдеуге 317 млн теңге бөлді.

«Қолдағы ақпаратқа сәйкес облыс әкімдіктерінің барлығы бірдей бұл мақсаттарға қаражат көздемеген. Мысалы, Қарағанды облысының әкімдігі 15,6 млн. теңге бөлген. Бұл 33 мың гектар жердің тек 24 пайызын өңдеуге мүмкіндік береді. Қытаймен, Өзбекстанмен және Ресеймен шекаралас аумақтардан үйірлі шегіртке тектестердің ұшып келуінің уақтылы алдын алу мақсатында министрлікпен үйірлі шегіртке тектестермен күресу мақсатында ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. РФ-мен 2018 жылға бірлескен іс-шаралар жоспары келісілді», - деді ол.