Биыл дәнді дақылдар егістігінің 70 пайызы жақсы күйде - Үкімет отырысы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл дәнді дақылдар егістігінің 70 пайызы жақсы күйде. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Осы жылдың қолайлы жағдайлары егістіктердің жай-күйіне де оң әсерін тигізді. Мәселен, облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша бүгінгі күні дәнді дақылдар егістігінің 70 пайызы жақсы, 28,8 пайызы қанағаттанарлық күйде. Бүгінгі таңда жаппай егін жинау жұмыстарын бастауға ауыл шаруашылығы өндірушілері барлық қажетті техниканы дайындап, егісті жинауға кірісті. Жалпы, егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін республикада 147,7 мың трактор, 38,1 мың астық жинайтын комбайн, 13,3 мың дестелегіш, 73,4 мың трактор тіркемесі бар», - деді министр.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен кредит беру пысықталған. Кредит беру жұмысы басталып кетті.

«Жеңілдікті лизингке шамамен 40 млрд теңге бағытталды. Осы жылдың 5 тамызынан бастап «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының барлық филиалдарында осы бағдарламаға қатысуға өтінімдер қабылдау жүзеге асырылады. Бүгінгі күні 16,9 млн теңге сомасына 306 өтінім қабылданды. Жұмыс жалғасуда», - деді Ербол Қарашөкеев.


Соңғы жаңалықтар