Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Биыл ЕАЭО елдері бірыңғай көлік кеңістігін құру бағдарламасын бекітеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың желтоқсанында Еуразиялық экономикалық одақ елдері бірыңғай көлік кеңістігін құру бағдарламасын бекітеді.

Биыл ЕАЭО елдері бірыңғай көлік кеңістігін құру бағдарламасын бекітеді

Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Ресейдің ХІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылдың желтоқсанында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекет басшыларының жоғарғы кеңесі аясында үйлестірілген, келісілген көлік саясатының негізгі бағыттары бойынша бағдарламаны бекіту жоспарлануда. Көлік саясатының жоспары ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында көлік тасымалын дамытудың бірыңғай бастапқы шартын бекітуді қарастырады. Құжат кезең-кезеңімен ырықтандыру арқылы бірыңғай көлік кеңістігі мен көлік қызметінің ортақ нарығын құруға бағытталған», - деді ол.

Министрдің пайымынша, аталған құжат ЕАЭО-ға мүше елдердің көлік жүйесін түйіндестіруге тың серпін беретін болады.

«Бұл біздің мемлекеттердің көліктік интеграциясының маңызды кезеңі саналады. Осылайша, аталған шаралар кешені экспортты ілгерілетудің көліктік құрамдасын төмендетуге және ЕАЭО брендін ілгерілету арқылы транзитті тартуға септігін тигізеді», - деді Ж.Қасымбек.