Биыл егін жинау науқанына дизель отынын бекітілген бағамен кепілді жеткізу мәселесі ерте шешілді

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде министр Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта егін жинау науқанына қажетті дизель отынының көлемі анықталған және әрбір облыс мұнай өңдеу зауыттарына бекітілген. Дизель отынының бағасы нарықтағы бағадан төмен. «Менің ойымша, алдағы уақытта нарықтағы баға тағы да өсетін болады. Сондықтан біз бөлінген дизель отынын егін жинау науқанына пайдалануымыз қажет. Осыған орай мен облыс әкімдерінің орынбасарларынан белсенділік танытып, өңірге бекітілген көлемдерді дер кезінде игеруді өтінемін. Қазір көп дүние осыған байланысты. Себебі, мұнай өңдейтін зауыттар пайдаланылмаған дизель отынының көлемін нарыққа сататынын айтып, қорқытуда. Мен осыны ескеруді өтінемін», деді министрі алқаға қатысқан облыс әкімдерінің орынбасарларына қаратып айтқан сөзінде.
Осы орайда министр жиын-терім науқанына дайындық және оны ұйымдастырған түрде өткізу жөніндегі жұмыс ауылшаруашылық тауарын өндірушілер мен жергілікті атқарушы органдардың мойнында екенін атап өтті. «Жергілікті атқарушы органдар жабдықтау және сервистік қызметтерді ұйымдастыру жөніндегі тиісті жұмыстарды жүргізгені жөн болар еді. Бұл жұмыс бізде ақсап тұр. Әсіресе, қосалқы бөлшектерді жеткізу мәселесі көңіл көншітпейді», деді А. Күрішбаев.
«Болжамдар бойынша, күз жауын-шашынды болады деп күтілуде. Сондықтан, егін жинау науқанын ұйымдастыру кезінде ғалымдардың ұсынымдарын қатаң ұстану қажет. Арнайы жабдықтарды алдын ала дайындап, оларды күрделі ауа-райы жағдайында егін жинауға бейімдеу керек», деп тұжырды сөзін министр.