Биыл Екібастұзда 558 адам баспаналы болады
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырсында айтты.
«Павлодар облысы Екібастұз қаласын дамытудың кешенді жоспары бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 41,6 млрд теңгенің 13 іс-шарасына жауапты.
Шаһарда 2025 жылға дейін жалпы ауданы
199,4 мың шаршы метр немесе 2,8 мың тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған», - деді министр.
Атап айтсақ, 2021-2024 жылдар аралығында әр жыл сайын 39,8 мың шаршы метр болатын 558 тұрғынжай, 2025 жылы жиынтық ауданы 40,2 мың шаршы метр болатын 559 тұрғынжай беру жоспарланған.
«Кешенді жоспар шеңберінде мемлекет қаражаты есебінен тұрғындарды 67,5 мың шаршы метр немесе 748 жалға берілетін және кредиттік пәтермен қамтамасыз ету көзделген. Жаппай тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы
3 млрд теңге бөлу жоспарланған. Соған сәйкес 370 жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі», - деді Бейбіт Атамқұлов. Министрдің айтуынша, бұл жобаларды іске асырған кезде қалада 1200 уақытша жұмыс орны ашылады.