Биыл ел аумағында болған орман өрттерінің 30 пайызы Павлодар облысына тиесілі - ҚР АШМ

Бұл туралы бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Биыл қатты қуаңшылық жайлаған жылдардың бірі болды. Күннің тым ысып кетуі, жауынның аз болуы, сондай-ақ орман қоры аумағындағы шөптің қурап кетуі салдарынан жоғары дәрежедегі өрт қаупі орын алды. Жыл басынан бері мемлекеттік орман қорының аумағында 5 мың 806 гектар алқапта орман өрттерінің 640 оқиғасы тіркелді. Орман өрттерінен келген шығын республика бойынша 531 млн. теңгені құрады», - деді министр.
Оның сөзінше, орман өрттерінің барынша көп жерді қамтуына Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында жол берілді. Павлодар облысында 1731 гектар немесе республика бойынша өрттердің жалпы көлемінің 30 пайызын қамтыды. Ал Ақмола облысында өрт 1449 гектарға (25 пайызы) және Қостанай облысында 1441 (25 пайызы) гектарға жайылған.