Биыл ел бірлігін насихаттаған «Достық аясында» деген атаумен көркем безендірілген альманах жарыққа шығады
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 15 жыл толды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен дүниеге келген ұлтаралық және діндераралық келісім институтының 15 жылдығына байланысты «Достық аясында» деген атаумен көркем безендірілген альманах жарыққа шығады.
Бұл жөнінде осы бастаманы ұсынып, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобынан қолдау тапқан Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Людмила Хочиева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл бастама «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының жылдық жоспарына сәйкес жүзеге аспақ. «Біз осы жобаны жасауды 1992 жылдан бастауды жөн санадық. Өйткені 1992 жылы Алматы қаласында Қазақстан халықтарының бірінші форумы өтіп, сол келелі басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея құру туралы идеясын алғаш рет жария етті. Сол кезеңнен бастап 2009 жылы Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясына дейінгі аралықта қол жеткізген табыстарымыз жөнінде баяндалады. Елбасының қатысуымен өткен маңызды жиналыстарда, кездесулерде түсірілген фотосуреттер қамтылады. Альманахты үш тілде шығаруға тырысамыз. Яғни, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде болмақ. Өйткені ел тұрғындары да оқып-білуі үшін және Ассамблеяның тәжірибесімен жан-жақты танысқысы келетін шетелдік әріптестерімізге де өте тиімді болмақ. Бұл өзі 15 жылда істелген жұмыстардың қорытынды жинағы болады. Біздің мақсат - қазақстандық үлгі болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының өміршең қызметін көрсету»,- дейді депутат Людмила Хочиева.
Қазір материалдар жинақталу үстінде. Еліміздегі ұлттық-мәдени орталықтарға хабарласып, құжаттар мен фотосуреттер алынып жатыр. Альманах биыл тамыз айында жарыққа шығып қалуы тиіс.