15:26, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Биыл елдордада шағын және орта бизнес саласында қосымша 17 мың жұмыс орны ашылады ? Астана әкімі
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат – Бүгін елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Дағдарыстан – дамуға» атты Жолдауында алға қойған міндеттерді жүзеге асыру шараларына арналған қала активімен кездесу өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. И.Тасмағамбетов өз сөзінде Елбасы Жолдауы ұлтқа арналған үндеу, ол қазақстандықтарды әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында топтаса түсуге шақыру екенін атап өтті.
«Осыған байланысты қала әкімдігінің, оның барлық құрылымдық бөлімдерінің қызметіндегі басымдықты деп танылған ортамерзімдік бірқатар міндеттер туындайды. Жаңа жұмыс орындарын ашу ? солардың бірі. 2009 жылы Астанада шағын және орта бизнес саласында қосымша 17 мың жұмыс орны ашылуы тиіс. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына кәсіпкерлік, экономика және бюджеттік жоспарлау, құрылыс, энергетика басқармаларымен және аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып, осы қадамдардың егжей-тегжейлі жоспарын жасау тапсырылды», деді қала әкімі.