Биыл еліміз бойынша 18-18,9 млн. тонна астық алу жоспарланып отыр - А.Мамытбеков

ТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биыл еліміз бойынша 18-18,9 млн. тонна астық алу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Биыл еліміз бойынша 18-18,9 млн. тонна астық алу жоспарланып отыр - А.Мамытбеков

Министрдің пайымдауынша, ағымдағы жылы астық шығымдылығы тұрғысында оңтайлы агрометеорологиялық жағдай қалыптасып отыр. Осы орайда облыстардың ақпараттарына қарағанда, биыл 18-18,9 млн. тонна астық шығымдылығы болжануда. Оның ішінде бидай көлемі 14,5 млн. тоннаға жетпек.

Атап айтқанда, бүгінде Ақмола және Қостанай облыстарынан басқа өзге өңірлер егін орағына кірісіп отыр. Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысы бүгінде 7,6 млн. гектар егіс алқабының 1,2 млн. гектарын орып алды. Осының нәтижесінде 1,7 млн. тонна астық қырманға түсті. А. Мамытбековтың айтуынша, астық шығымдылығының орташа көрсеткіші гектарына 14,4 центнерді құрап отыр. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша астық шығымдылығының орташа көрсеткіші гектарына 16,7 центнерге жетіп отыр. Бұл өткен жылға қарағанда 50 пайызға жоғары. «Ағымдағы жылы жалпы егістік көлемі 21,2 млн. гектарды құрады. Оның үстінде дәнді дақылдар егістігі 16,2 млн. гектарға жетті. Осы 16,2 млн. гектардың 13,8 млн. гектары - бидай алқаптары», - деді министр.

Бұдан басқа, елімізде егілген мақта егістіктері -160 мың гектар, қант қызылшасы - 21 мың гектар, картоп және басқа да көкөніс дақылдары - 381 мың гектарды құрайды.