Биыл елімізде электр мен жылу энергиясына және суға тарифтердің өсімі былтырғыдан төмен болады

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда 2010 жылы электр және жылу энергиясына және суға тарифтердің өсімі 2009 жылдағыдан төмен болады.

Биыл елімізде электр мен жылу энергиясына және суға тарифтердің өсімі былтырғыдан төмен болады

Бұл туралы бүгін Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұрлан Алдабергенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, 2009 жылы Екібастұздағы 1-ші ГРЭС тарифтерін 70 пайызға көтерген болса, 2010 жылы тек 30 пайызға ұлғайтқан. Ал, Жамбыл ГРЭС-і былтыр тарифтерді 45 пайызға өсірсе, биыл небәрі 10 пайызға көтерген. «Яғни, стансылар өткен жылдағыдан биыл тарифтерді айтарлықтай аз өсірді, тиісінше электр энергиясына тарифтердің көтерілуі биыл былтырғыдан айтарлықтай аз болады», деді Н. Алдабергенов.

Оның айтуынша, 2009 жылы Қазақстанда электр энергиясының тарифтері орта есеппен алғанда 19 пайызға көтерлген болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 12-14 пайызды құрайды. «2010 жылы электр қуатының тарифтері азғантай ғана көтерілетіндіктен, жылу энергиясының және сумен жабдықтау тарифтерінің өсімі де өткен жылдағыдан аз болады», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, таяу уақытта жылу мен судың шекті тарифтерінің есеп-қисабымен айналысатын жұмыс тобы құрылатын болады. «Біз су мен жылу тарифтерінің шекті өсімін береміз, алайда олар өткен жылдағыдан айтарлықтай төмен болады», деді ол.