Биыл елімізде кохлеарлы имплантат отасы жасалған 100-ден астам бала есту, сөйлеу бойынша оңалтудан өтті
«Аталған шара есту қабылдауы (дыбыстық сигналдарды қабылдау) мен ауызша сөйлеуді дамытуда қажетті кезең болып табылады. Бұл шарасыз ота тиімсіз болып саналады. Оңалтудың басты мақсаты - баланы қоршаған ортадағы дыбыстарды қабылдауға, ажыратуға, оның мағынасын түсінуге үйрету және тәжірибені сөйлеу машығын дамытуда қолдану», - дейді мамандар. Балалармен сабақты түрлі сала мамандары: сурдопедагогтар, логопедтер, дыбыс протезистері, аудиологтар және тағы басқалары жүргізеді. Сонымен қатар есту, сөйлеу оңалту шараларын сапалы өткізу және тәжірибе алмасу мақсатында қосымша Украина мен Ресейден мамандар шақырылған. Бұл шаралар кохлеарлы имплантаты бар балалардың ата-аналарына үй жағдайында үздіксіз, жүйелі түрде сабақтарды жүргізуде қажетті тәжірибе алуға көмектесті. Атап айтқанда, есту, сөйлеу оңалту шаралары бойынша өткізілетін курстар кохлеарлы имплантаты бар мүгедек балаларды әлеуметтік қолдауды әрі қарай дамытуға, жедел ем шараларының тиімділігін арттыруға, аталған санаттағы балалар өмірінің сапасын жақсартуға, нәтижесінде олардың қоғамдық ортаға сәтті бейімделуіне септігін тигізеді. Естеріңізге сала кетейік, кохлеарлы имплантат - керең пациенттердің есту қабілетін қалпына келтіруге көмектесетін протез. Қазіргі таңда Қазақстанда 3 мыңға жуық бала құлақ ауруы салдарынан мүгедектік санатында. ҚР ДСӘДМ бастамасымен 2014 жылдан бастап республикада кохлеарлы имплантаты бар балалардың есту, сөйлеу оңалтуын өткізу бойынша іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.