Биыл елімізде коммерциализациялау кеңселерінің желісін құру жоспарлануда

АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі коммерциализациялау кеңселерінің желісін құру бағдарламасын іске қоспақ. Бұл туралы бүгін елордада ұлттық инновациялық жүйені құруға арналған брифинг барысында «Ұлттық инновациялық қор» АҚ басқармасының төрағасы Айдын Құлсейітов мәлім етті.

Биыл елімізде коммерциализациялау кеңселерінің желісін құру жоспарлануда

Оның атап өтуінше, аталған кеңселер ғалымдардың инновациялық идеяларын іздеп табумен қатар оларды кәсіпорындарда енгізу деңгейіне дейін қол ұшын беретін болады. Сондай-ақ аталған кеңселерде қандай технология немесе ноу-хоу ел кәсіпорындарының өнімділігінің арттыруға, өзіндік құнын төмендетуге, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деген сынды мәліметтерді қамтитын түрлі мамандандырылған ақпараттық базалар да қамтылады.

«Коммерциализациялау кеңсесі - бұл конструкторлық бюро, технопарктермен қатар технологияларды іздеуді жөнге салатын буын», деп атап өткен А.Құлсейітовтің айтуына қарағанда, ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша коммерциализациялау әдістемесі әзірленіп, технологиялық және өндірістің әлеуеті шоғырланған өңірлерде оның кеңсе желісін құру мәселелері талқыланады.