Биыл елімізде орын алған өрттер саны 11 пайызға төмендегенімен, осы тілсіз жаудан қаза болғандар саны 14 пайызға артқан- В. Божко
А. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Биыл республика бойынша орын алған өрттер көрсеткіші 11 пайызға азайды.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Ағымдағы жылғы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған кешенді шаралардың нәтижесінде қауіпті өндірістегі өлімге соқтыратын жарақат алушылық 2,3 есеге дейін төмендеді. Сонымен бірге, 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы ауыр жарақат алушылар саны 1,5 есеге дейін азайды. Бұдан басқа, республика бойынша орын алған өрттер саны 10-11 пайызға дейін азайып отыр. Ал сол тілсіз жау салдарынан болатын материалдық шығындар 15,5 пайызға кеміді», деді В. Божко. Дегенмен де, өртке қатысты көрсеткіштердің төмендегеніне қарамастан, жауапты тұлғалардың өртке қарсы талаптарды орындамау салдарынан адам өлу саны 14 пайызға артқан. «40 адамның өмірін жалмаған Талдықорған қаласындағы ауруханада орын алған өрттің себебі ғимаратта өртке қарсы автоматиканың болмауынан, өртке қарсы тәртіптің жүйелі бұзылуынан орын алғаны анықталды. Ал 14 адам қайтыс болған Астана қаласындағы қоймада болған өрт - қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу, еңбек тәртібінің төменділігі себебінен туындаған», деді В. Божко.