11:10, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Биыл елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу маусымның 4-нен басталады ? Ж. Түймебаев
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Биыл елімізде мектеп бітіруші түлектер үшін ұлттық бірыңғай тестілеу маусымның 4-інен басталып, 10 күні аяқталады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Оқу жылы аяқталғаннан кейін, түлектерге ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуға мүмкіндік беру үшін биыл тестілеу маусымның 1-інен емес, маусымның 4-інен басталады. Бұл мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуы үшін психологиялық жағынан көмектеседі», деді отырыста Ж. Түймебаев. Министр биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудегі біршама жаңалықтарға тоқталды. Оның айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеуге берілетін 180 минут тағы 30 минутқа ұзартылып отыр. Яғни бұрын түлектерге тест сұрақтарына жауап беру үшін 3 сағат уақыт берілсе, енді 3,5 сағат уақыт бөлініп отыр. «Бұл ата-аналардың, көпшіліктің тілегі бойынша жасалып отыр. Мұны мектеп бітірушілер үшін зор мүмкіндіктер деп есептеймін», -деді министр.Ж. Түймебаевтың айтуынша, сондай-ақ бұрын ұлттық бірыңғай тестілеуді бір ағымда 1 500 түлекке дейін тапсыратын болса, биыл бұл көрсеткіш 800 адамға дейін азайтылып отыр. Сондай-ақ биыл ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру 5 күннен 7 күнге ұзартылды. «Биыл аппеляцияға өтініштер, сұрақтың мазмұны және техникалық ақаулар бойынша өтініштер бір мезгілде қабылданады. Ұлттық бірыңғай тестілеуде қолданылатын техникалық құралдарды тестілеу үшін арнайы бағдарламалар жасалды. Олар емтихан басталар алдында мемлекеттік комиссия мүшелерінің қатысуымен тексеріліп, ақауы жоқ екендігі туралы акті жасалады. Техника жұмыс істемеген жағдайда ауыстырылады. Аппеляциялық өтініштерді республикалық комиссияға жеткізуді жеделдету үшін қосымша канал көзделді», - деді Ж. Түймебаев.