Биыл елімізде уран өндіруді 11,9 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр

АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылы елімізде уран өндіру көлемін 11,9 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
None
None
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің айтуынша, 2008 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстандағы өндірілген уран көлемі 8,512 мың тоннаны құраған. Бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда 29 пайызға артық. «Ал 2009 жылы біз уран өндіру көлемін 40 пайызға арттыруды көздеп отырмыз. Сонда биыл 11,9 мың тонна уран өндіріледі деп жоспарлануда. Жалпы уран өндірісі саласында дайын отын өнімін шығаруды толық қамтитын бір компания жұмыс істеуі тиіс», - деді С. Мыңбаев. Оның айтуынша, уран отынын шығаруға байланысты Қазақстанда жасалған үш негізгі келісім жүзеге асатын болса, бірқатар жетістіктерге жол ашылады. «Қазақстан мен Ресейдің келісімдері негізінде уранды байыту орталығы құрылатын болады. Қазақстан ядролық қарусыздану туралы шарт жасағандықтан бұл орталық Ресей аумағында орналасып отыр. Сондай-ақ Қазақстан-Канада бірлескен кәсіпорны құрылып, оның негізінде конверсиялық зауыт құрылысын салу туралы келісілген болатын. Сонымен бірге «Үлбі» металлургия зауыты базасында жылу бөлуші жинақтарға арналған кәсіпорын салу туралы келісім де жасалды. Осы үш жобаның іске қосылып, қуаттана түсуіне орай, Қазақстан әлем елдеріндегі атом электростансалары үшін дайын отынды өндіруді бастайды», деді Энергетика және минералдық ресурстар министрі.
Соңғы жаңалықтар