Биыл еліміздегі автожолдардың 2600 шақырымында қозғалыс жанданады

«Қазақстанда 2020 жылы автожолдардың 2600 шақырымында қозғалыс жанданады деп жоспарланып отыр. Мұндай міндетті министрліктің алдына Үкімет басшысы қойған болатын. Бүгінде жолдарды салу және қайта жаңарту жұмыстары еліміздің әр өңірінде қарқын алған. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 3 облыс аумағында жолдардағы жұмыс барысымен танысып қайтты. Бірінші кезекте министр «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомобиль жолының Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы учаскелеріне барды. Жол Алакөл курорттық аймағы маңында болғандықтан, еліміздің туристік кластерін дамытуда үлкен маңызға ие. Биыл автожолда толықтай қозғалыс жанданады деп жоспарланып отыр. Жол 1-ші және 2-ші техникалық санаттарға сәйкестендірілмек», - делінген ҚР ИИДМ мәліметінде.
Өңірге келетін туристер санын арттыруға септігін тигізетін тағы да бір жоба – Қытай шекарасына дейін апаратын «Үшарал – Достық» тасжолын қайта жаңарту жобасы. Жұмыстар аяқталған соң туристер саны ғана емес, автокөліктерімен жүк тасымалының көлемі артады. Биыл жолдың 60 шақырымында көліктер жүре бастайды деп жоспарланған.
Сондай-ақ, облыс үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын жобалардың бірі – «Қалбатау – Майқапшағай» жолын қайта жаңарту жобасы. Биыл тасжолдың 415 шақырымы көліктер үшін ашылады. Үшінші техникалық санаттағы жол екі жолағы бар екінші санаттағы жолға айналады.
Бұдан бөлек, министр қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатқан Жамбыл және Алматы облыстарындағы «Ұзынағаш – Отар» жолының учаскелеріне барып қайтты. Жыл соңына дейін жолдың 56 шақырымында қозғалыс қайта қалпына келеді деген жоспар бар. Сондай-ақ, ведомство басшысы «Қордай» өткізу бекетін қайта жаңарту жұмыстары барысымен танысты. Қазір екі елдің азаматтары «Қарасу», «Сортөбе», «Ауқатты» бекеттері арқылы шекарадан өткізілуде. Жаңартылған өткізу бекеті жыл соңында пайдалануға беріледі. Қайта жаңарту жұмыстары аяқталған соң, «Қордай» бекеті тәулігіне 50 мың адамды өткізе алады.
Өңірде «Меркі–Бурылбайтал», «Күрті–Бурылбайтал» және «Балқаш- Бурылбайтал» сияқты тағы бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда нысандарда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Жоба еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстырып, олардың транзиттік және туристік әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. «Меркі – Бурылбайтал» жолының 262 шақырымында қозғалыс биыл ашылуы тиіс. «Күрті – Бурылбайтал» және «Балқаш–Бурылбайтал» жолдарында қайта жаңарту жұмыстары аяқталған соң, Алматыдан Балқашқа дейін 4-5 сағаттың ішінде жетуге болады.
Еске сала кетейік, биыл құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен республикалық маңызға ие автожолдардың 4 мың шақырымы қамтылып, оның 2600 шақырымында қозғалыс жанданады деп жоспарланып отыр.