Биыл еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 7,1 пайызға дейін өсті - Г. Әбдіқалықова
АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Биыл еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 7,1 пайызға дейін өсті. Бұл мәліметті бүгін Астанада көзі көрмейтін мүгедек жандарды жұмыспен қамтитын әлеуметтік жобаны іске асыру туралы үш жақты меморандумға қол қойылу рәсімінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Елімізде жұмыссыздық деңгейі биыл аздап, былтырғы жылғы 6,6 пайыздан 7,1 пайызға дейін өсті. Бұл жұмыскерлердің жұмыстан босап жатқанымен байланысты», - деді өз сөзінде министр.
Г. Әбдіқалықова министрлік ағымдағы жылғы жұмысында Президенттің биылғы Жолдауынан туындаған тапсырмаға сәйкес, Халықты жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыруға күш-жігерін жұмылдыратынын айтты. «Стратегия жұмыстан босап қалған немесе толық емес жұмыс күні режімінде еңбектенетін 350 мыңнан астам адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді», - деді министр. Осы орайда Г. Әбдіқалықова министрлік биылғы жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздықты 7,1 пайыз деңгейінде ұстап тұруға тырсатынын жеткізді. «Стратегия аясында 350 мың адамды жұмыспен қамтитын болсақ, онда осы деңгей сақталатын болады», деді ол.