Биыл еліміздің құқықтық базасы қоғамдық өмірдің сан түрлі салаларын реттейтін 130 заңмен толықтырылды-ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О. Мұхамеджанов

ана. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2010 жыл еліміз үшін жемісті де жеңісті жыл болды. Мемлекетіміздің дағдарыстан кейінгі тұрақты әрі теңгерімді дамуының мықты іргетасы қаланды. Бұл пікірді бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов айтты. Ол Палатаның жалпы отырысында қорытынды сөз сөйледі.

Биыл еліміздің құқықтық базасы қоғамдық өмірдің сан түрлі салаларын реттейтін 130 заңмен толықтырылды-ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О. Мұхамеджанов

Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде: «Қазақстанның жаңа онжылдықтағы стратегиялық даму жоспары, сонымен бірге 2014 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бекітілді. Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етуі, әсіресе, Ұйымға мүше елдер Саммитінің 11 жылдан кейін Астанада өткізілуі Қазақстанның халықаралық дәрежедегі абырой-беделін асқақтатып қана қоймай, еліміздің ішкі бірлігі мен азаматтарымыздың патриоттық сезімін одан әрі бекемдей түскен оқиға болды», - деді.

Одан әрі Палата жетекшісі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында және төртінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясын ашу кезінде сөйлеген сөзінде біздің биылғы жылғы заң шығару қызметіміздің басты бағыттарын айқындап бергенін айтты.

О. Мұхамеджановтың айтуынша, 2010 жылы депутаттар корпусының Үкіметпен иін тіресе қоян-қолтық жұмыс істеуінің арқасында еліміздің құқықтық базасы қоғамдық өмірдің сан түрлі салаларын реттейтін 130 заңмен толықтырылды. «Біз елді одан әрі демократияландырудың құқықтық базасын жасап, Қазақстанның қазіргі даму сатысы үшін стратегиялық маңызды болып табылатын бірқатар экономикалық заңдарды қабылдадық. Олар мемлекеттің дағдарысқа қарсы шараларын әрі қарай іске асыруға, экономиканы әртараптандыруға және оның өсімін ынталандыруға, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталды. Президент қол қойған «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру мен жұмыссыздыққа жол бермеу, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламаларын қаржыландыру көлемін елеулі түрде көбейту мәселелері көзделді»,- деді О.Мұхамеджанов.

Палата Төрағасының атап көрсеткеніндей, Елбасының халықты әлеуметтік қамсыздандыру жөнінде берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі заңға да тиісті өзгерістер енгізілді. 2010 жылы бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы мен студенттер шәкіртақысы және зейнетақы мөлшері 25 пайызға көбейтілген болса, келесі жылы олар тиісінше 30 пайызға көбейтілетін болады. Жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында әлемнің көптеген елдері әлеуметтік төлемдер мөлшерін қысқартып жатқан кезде, біздің елімізде олардың көбейтіліп отырғаны дағдарысқа қарсы шаралар дер кезінде ұйымдастырылып, жүзеге асырылуының арқасында болып отыр.

Парламент «Ғылым туралы», «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қорының» мәртебесі туралы» заң жобаларын қабылдады. Аталған заңдардың алдыңғысы ғылым саласын басқарудың жаңа үлгісін орнықтыратын болса, кейінгілері отандық ғылым және білім саласында Елбасының тікелей бастамасымен іске асырылып жатқан серпінді жобаға байланысты болып табылады.

Қабылданған заңдардың бір парасы құқық қорғау саласындағы реформаға қатысты болды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметi мен сот жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi шаралар туралы» 2010 жылғы 17 тамыздағы Жарлығын іске асыру мақсатында Парламент 16 заң жобасын қабылдап, Елбасының қол қоюына жіберді. Бұл заңдарда негізінен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сонымен қатар қылмыстық жазаны ізгілендіру мәселелері қамтылды.

Биылғы жылы еліміздің халықаралық байланыстарын реттейтін 78 құжат ратификацияланды.

«Осы қысқаша шолудың өзі біздің Палатамыздың, жалпы Парламенттің 2010 жылы ауқымды жұмыс атқарғанын көрсетеді. Бұл нәтиже біздің депутаттарымыздың жұмыс топтары мен комитеттерде белсенді жұмыс істеп, қажетті заңдарды дер кезінде қабылдауға атсалысуы арқасында болып отыр. Парламентіміздің, оның ішінде Мәжілістің заң шығару қызметіне лайықты үлес қосып келе жатқан әріптестерімізге өз ризашылығымды білдіргім келеді. Баршаңызды алдағы Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Келесі жыл да бүкіл еліміз, барша халқымыз үшін құт-береке жылы болсын! Қызметімізге - жаңа табыс, отбасыларымызға мол бақыт дарытсын!»,- деп сөзін қорытты Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов.