13:52, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
Биыл елімізге келген шетелдіктер саны аз, дегенмен олардың тарапынан жасалатын қылмыстар қысқармай отыр ? Б.Қожахметов
АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен жылы елімізге шет мемлекеттерден 1,3 миллион азамат келді. Бұл алдағы жылмен салыстырғанда жарты есеге аз. Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның өзіне қарағанда, шеттен келген азаматтар саны біршама азайғанымен, олар тарапынан жасалатын қылмыстар саны кеміген жоқ. «Соңғы аптада, яғни қаңтардың 17-сі мен 24-і аралығында елімізде жүрген 136 шетелдік әкімшілік жауапқа тартылып, заңсыз көші-қон ісін ұйымдастырып, сот шешімін орындамағаны үшін 112 қылмыстық іс қозғалды. Ал шетелдік азаматтардың еңбегін заңсыз пайдаланғаны үшін 1 мың 800 жұмыс беруші әкімшілік жауапқа тартылды. Қазіргі таңда заңсыз көші-қонның алдын алу мақсатында бұл іске көптеген полиция қызметкерлері тартылып, тұрақты түрде жедел-сауықтыру шаралары жүргізілуде. Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында арнайы штабтар құрылды», деді Б.Қожахметов. Оның мәліметтеріне қарағанда, тәртіп сақшылары осы мәселе бойынша елорданың құрылыс нысандарына да тексерулер жүргізіп, 3 мыңға жуық шетел азаматтарының елде болу мерзімін қысқартқан. «Осыған байланысты 2,5 мыңнан астам шетелдік елдеріне қайтарылды. Алматы қаласы бойынша 3 мың шетелдіктің елде болу мерзімі қысқартылды. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша арнайы бақылау артып, полицияның аймақтық органдарына тиісті тапсырмалар берілді», деді департамент бастығы.