Биыл елорда маңындағы елді мекендерде өрт сөндіру деполары ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елорда маңайында орналасқан елді мекендерде мектеп, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері және екі өрт сөндіру депосы ашылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астанада 16 елді мекен бар. Онда халықтың төрттен бірі тұрады. Біз әрбір елді мекенді аралап, жергілікті тұрғындармен тұрақты кездесеміз. Елді мекендердің қажеттіліктеріне және тұрғындардан келіп түсетін мәселелерге сүйене отырып, даму жоспарын әзірлейміз. Негізгі мәселе – инженерлік желілер. Мысалы, биыл елді мекендерде 13 шақырым кәріз желісі, 27,5 шақырым сумен жабдықтау желісі, 20 шақырым электрмен жабдықтау, 5 шақырым нөсер кәрізі, 2 кәріз-сорғы станциясы, 7,4 шақырым газбен жабдықтау желісінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді елорда әкімі.
Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек жыл соңына дейін Теміржолшылар және Үркер елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін ашу, Көктал мен Үркерде 2 өрт сөндіру депосының, Кирпичный мен Интернациональный елді мекенінде мектеп құрылысын аяқтау жоспарланып отырғанын атап өтті.