Биыл елордада 1550 адам еңбек нарығына қажетті мамандықтарға оқытылады

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Өткен жылы Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына 14 010 адам жүгініп, оның ішінде 10 496 адам әлеуметтік көмекпен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл елордада 1550 адам  еңбек нарығына қажетті мамандықтарға оқытылады

Аталған орталық мәліметтеріне сәйкес, 7 628 адам жұмысқа орналастырылып, 661 адам жастар практикасына жіберілген. Мұнан бөлек, 121 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған. 2 169 адам қоғамдық жұмыстармен қамтылса, 699 адам кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курсынан өткен. Жалпы өткен жылы елордада 18 849 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның 14 343-і шағын бизнес саласына тиесілі.

 «2017 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасының орнына жаңа «Нәтижелі жұмыспен қамту және жалпы кәсіпкерлік» бағдарламасы іске асырылатын болады. Ол бағдарлама қатысушыларын техникалық білім беру және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды қамтиды. Осы бағыт бойынша 1550 адамды еңбек нарығында қажетті мамандықтар бойынша оқыту жоспарлануда. Сонымен қатар, жаңа бағдарлама аясында әлеуметтік жұмыс орындарымен, жастар практикасымен және қоғамдық жұмыстармен 2780 адамды қамту көзделуде», - делінген хабарламада.