Биыл елордада 30-дан астам аула абаттандырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама аясында жол жабыны ауыстырылып, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдары, қоқыс жәшіктері орнатылады, көлік қоятын орындар жасалады, деп хабарлады astana.gov.kz.

Биыл елордада 30-дан астам аула абаттандырылады

Биыл «Сарыарқа» ауданында 19, «Есіл» ауданында 7 ауланы абаттандыру көзделген. «Алматы» ауданында көп қабатты тұрғын үй секторындағы 16 үйді қамтитын 10 аулада кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, 11 балалар ойын алаңы, 3 спорт және 5 гимнастика алаңы жасалады, 56 тренажер, 80 қоқыс жәшігі, 72 орындық орнатылып, 8 күрке, 8 кір жаятын орын дайындалады. Сонымен қатар, 12 801 шаршы метр аумақта асфальтбетон жабыны жөнделеді, ал 4 465 шаршы метр аумақта қайта төселеді.

Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша Астанада абаттандыру бағдарламасы аясында 41 аула мен 12 аула аумағы абаттандырылды. Жөндеу жұмыстары аясында аулаларда қауіпсіз шағын архитектуралық пішіндер, тренажерлар орнатылып жатыр. Сондай-ақ, «Есіл» ауданында спорт және ойын алаңдары жасалды, бұзылған шағын архитектуралық пішіндер, спорттық снарядтар мен тренажерлар, сәндік қоршаулар қалпына келтіріліп, ауыстырылды, балалар алаңдарына жарақат алуға жол бермейтін қауіпсіз резеңке жабындар төселді.