Биыл елордада есірткі пайдаланып көлік жүргізген 39 жүргізуші ұсталды

«2012 жылдың басынан бері Астана қаласының аумағында автокөліктерді есірткіні пайдалана отырып жүргізу бойынша 39 факті анықталды. Қазіргі кезде 29 адам әкімшілік сот арқылы көлікті жүргізу құқынан айырылды», - деді бөлім бастығы.
«Өткен жылы қаладағы қоғамдық көліктің үш жүргізушісі көлікті мас күйінде жүргізгені үшін ұсталған болатын. Жалпы, есірткі пайдаланып, автобусқа отырған жүргізушілер тіркелмеген», - деді С. Ильиных.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, қала аумағында есірткіге қатысты 2011 жылдың басынан бері 221 қылмыстық іс қозғалып, оның 110-ы есірткі сатумен айналысатын азаматтарға қатысты болды. Заңсыз айналымнан 242 келі 820 грамм есірткі заттары, оның ішінде 6 келі 430 грамм героин тәркіленді.
Айта кетейік, 2012 жылдың басынан бері «Рубеж» бекетінде есірткі тасымалының 21 фактісі анықталып, 2 адам қылмыстық, 19 адам әкімшілік жауапқа тартылды. «Рубеж» жүйесінің бекеттерінде заңсыз айналымнан 3 келі 702 грамм түрлі есірткі заттары (оның ішінде 30,32 грамы героин) тәркіленді.
Автокөлік жүргізушілерінің есірткі заттарын пайдалануының алдын алу мақсатында Есірткі бизнесімен күрес басқармасы мен жол полициясы қызметкерлері бірлесіп рейдтік шаралар жүргізуде.