Биыл елордада иесіз қалған 158 нысан анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында иесіз, қараусыз қалған 158 нысан анықталып, олар коммуналдық меншік ретінде қайта қабылданды. Бұл туралы қалалық активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерсін Өтебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл елордада иесіз қалған 158 нысан анықталды

«2019 жылдан бастап аудан әкімдері және құзырлы басқармалармен бірлесіп елорда аумағында иесіз қалған нысандарды анықтау, тіркеу жұмысы жалғасып келеді. Өткен жылы жалпы сомасы 2 млрд 878 млн теңгенің иесіз қалған 680 нысан және 60 бірлік трансформаторлық қосалқы станциясы коммуналдық меншікке қабылданды. Биыл 158 иесіз нысан анықталды. Оның сомасы 1,8 млрд теңгені құрайды», - деді - деді Ерсін Өтебаев қалалық мәслихаттың қоғамдық кеңесінің отырысында.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, соңғы 2 жылдың ішінде елорда аумағында қараусыз жатқан 886 нысан анықталып, коммуналдық меншік ретінде қабылданыпты.

«Атап айтқанда, 180 шақырым электрмен жабдықтау нысаны, 34 шақырым сумен жабдықтау, 90 шақырым кәріз желісі, 59 шақырым жылумен жабдықтау желісі және 2227 құдық бар», - дейді ол.

Бұған дейін Е.Өтебаев елорда іргесіндегі «Жасыл белдреу» аумағында 890 151 түп ағаш отырғызылғанын айтқан еді.