Биыл елордада ҰОС ардагерлері тұратын 80 пәтер жөндеуден өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік саясаттағы маңызды басымдықтардың бірі - Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне қолдау көрсету бойынша қосымша шараларды іске асыру.
Бүгінгі күні Астанада 228 ардагер тұрып жатыр, деп хабарлайды astana.kz.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев атап өткендей, қазіргі таңда ҰОС ардагерлеріне қоғамдық көлікте тегін жүру, тіс протезін салу, санаториялық-курорттық ем алу, газет-журналдарға тегін жазылу, сурдоаудармаға арналған тифлоқондырғылар, көмірмен қамту және коммуналдық төлемдерді қала бюджетінен төлеу сияқты әлеуметтік көмек көрсетілуде. Аталған қызмет түрлері ардагерлерге Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы ұсынылады. Биыл ардагерлерге тиесілі 80 пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Сонымен қатар, Астанада ардагерлерге медициналық қызметтің барлық түрін тегін көрсететін №4 қалалық поликлиника мен ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпиталь жұмыс істейді.