Биыл Еуроодаққа 710 мыңнан астам мигрант келді
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың тоғыз айының ішінде Еуроодақ аумағына 710 мыңнан астам мигрант келген. Бұл туралы Сыртқы шекаралар қауіпсіздігі агенттігінің («Фронтекс») таратқан коммюникесінде айтылады.
«Биылғы жылдың тоғыз айының ішінде ЕО-ның сыртқы шекараларынан өткен мигранттардың жалпы саны 710 мың адамнан асқан», - делінген агенттіктің хабарламасында.
Мигранттардың ең көп ағыны грек аралдарына жіберілді. Атап айтқанда, қаңтардан қыркүйек айына дейін Грекияға 350 мың мигрант келді, соның ішінде көп бөлігін Сирия босқындары құрап отыр.
Италияға Ливиядан келген адамдардың саны, керісінше, азайып барады. Оған ауа райының қолайсыз жағдайы себеп болып отыр. Италия билігі жыл басынан бері 129 мың мигрантты тіркеген, соның ішінде көбі - Эритрея азаматтары.
Бұл ретте ресми мәліметтерге қыркүйектің екінші жартысында серб-венгр шекарасының жабылуынан кейін ЕО-қа Хорватия арқылы келген 97 мың адам енгізілген жоқ.
ЕО көшбасшылары көші-қон дағдарысын кезекті рет 15-16 қазан күндері Брюссельде өтетін саммитте талқыламақ.