Биыл геологиялық барлау бағдарламасы бекітіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың соңына дейін еліміздің 2021-2025 жылдарға арналған Геологиялық барлау бағдарламасы бекітіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл геологиялық барлау бағдарламасы бекітіледі

«Мұнай-газ саласында инвестиция тартуды жақсартып, ресурстық базаны ұлғайту үшін заңнамалық реформалар жүзеге асырылды. Салық кодексі мен Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексінің нормалары іске қосылып, қазірдің өзінде өз нәтижесін беруде. Сонымен қатар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп жер қойнауында жеткіліксіз зерттелген учаскелердің әлеуетін бағалап жатырмыз. Бұл іс-шаралар Арал, Шу-Сарысу, Сырдария, Солтүстік Торғай, Теңіз, Солтүстік Қазақстан, Ертіс, Балқаш, Іле, Алакөл, Зайсан шөгінді бассейндерінде жүргізілуде», - деді ол.

Министрдің айтуынша, биыл осындай учаскелерге геологиялық зерттеудің көлемін бағалау мен оларды қаржыландыру мөлшерін анықтау үшін талдау жүргізілмекші.

«Осы талдау негізінде 2021-2025 жылдарға арналған Геологиялық барлау бағдарламасын әзірлеп, осы жылдың соңына дейін бекітеміз. Орта мерзімді перспективада геологиялық барлауды белсенді іске қосу және жақсартудың басым міндеті осындай. Әлгінде айтқанымдай, биыл мұнай өндіру көлемі 89 млн тонна деп жоспарланып отыр. 3 ірі кен орнының үлесі 53,5 млн тоннаны құрайтын болады. Бұл 2018 жылға қарағанда шамамен 1 пайызға немесе 438 мың тоннаға аз», - деді Қ.Бозымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, бұл төмен көрсеткіш Қарашығанақ, Теңіз және Қашағанда өтетін жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты.

«Осыған орай, биыл Қарашығанақта мұнай өндіру көлемі 11 млн тоннаны құрамақ. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1 млн 200 мың тоннаға төмен. Алайда, Қашаған мен Теңізде өндірілетін мұнай көлемі төмендемейді. 2018 жылдың көлемінен асырамыз деп жоспарлап отырмыз», - деді ол.